Түркістандағы жастар форумына 30 мың адам қатысты

7

«Turkistan- jastar qalasy» атты жастар фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға облысқа қарасты 13 аудан мен 3 қаладан 30 мыңнан аса жас қатысты. Олар 6 бағыт бойынша өзара сайысқа түскен болатын. Бұл туралы «Turkistan- jastar qalasy» атты жастар фестивалінің қорытынды кезеңі мен жабылу салтанатында белгілі болды.
Жастар жылы аясында қолға алынған жобаны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – жастар арасында мәдениеттің дамуына ықпал ету және насихаттау, бос уақытты ұтымды пайдалануға үйрету, талантты жастардың басын қосып, жас дарындардың шығармашылық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қолдау таныту. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау да фестивальдің негізгі бағыттарының бірі болды.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған «Turkistan- jastar qalasy» фестивалінің жабылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жастарға қолдау күшейтілетінін айтқан болатын. Себебі, тәуелсіздіктің тірегі — жастар! Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек!» деген екен. Биыл жастар жылына орай, елімізде жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Облысымызда нақты жұмыстар жүзеге асуда. Бұл жоба жастар жылының алғышарты ретінде өткізіліп отыр. Жобаның мақсаты — Түркістан облысы мен киелі қалада спорттық-шығармашылық потенциалы жоғары жастар буынын қалыптастыру!», деп атап өтті.

Аталған фестиваль аясында жаз мезгілі кезінде үш ай бойы 4 спорттық-шығармашылық алаңда 1680 іс-шара өткізілген болатын. Бұл мақсатта Түркістан облысы мен облыс орталығында спорттық-шығармашылық әлеуеті жоғары жастар шоғырын қалыптастыру және көше мәдениетін дамыту үшін жаңа спорт алаңдары көптеп салынды. Бұдан бөлек, көне шаһарда жастардың көңіл көтеріп, бас қосатын орындары көбейді.
Сондай-ақ Түркістанның саябақтарында Street Ball, Street Workout және ұлттық ойындар алаңдары салынып, жастардың игілігіне берілді. Шара аясында спорттық додалардың апталық, айлық іріктеулерінен сүрінбей өткен кіл мықтылар фестивальдің ақтық сайысында бақ сынасты.
Сонымен қатар, фестиваль барысында жастар спортпен қоса өз өнерлерін қалың көрерменге ұсынып, көрермен көзайымына айналды. Атап өтер болсақ, Street Danse бойынша 1-орынды «Kirin би» тобы еншілесе, RAP сайысынан «Бекболат» тобы, Street Workout сайысынан «Жетісай» құрамасы, Karaoke байқауынан Өмірзақ Арайлым топ жарды. Ұлттық ойындарға келсек, асықтан Түлкібас құрамасы үздік атанса, ләңгіден Шардара құрамасы жеңімпаз болды.
Жарыстан үздік шыққан жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Фестиваль соңы қазақ эстрадасының жас жұлдыздарының концерттік шоу-бағдарламасымен жалғасын тапты.