Е.Айтаханов: «Шымкент – республикалық маңызы бар қала, ірі мегаполис»

33

Бүгін қала әкімі Erlan Aitakhanov Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Алдымен әкімшілік іскерлік орталығында, сосын С.Бәйтереков көшесінде орналасқан «Tamerlan Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысына барды. Аталмыш нысанның тапсырысшысы «BI Group» ЖШС-сі құрылысты келесі жылдың тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр. Мұнда 16 және 12 қабатты 7 тұрғын үй бой көтеретін болады.

Бұдан әрі қала әкімі «Ақжайық» және «Көкжайлау» тұрғын үй кешендерін аралады. Ал «Тұран» ықшамауданына барған қала əкімі 1200 орындық мектептің құрылысымен танысып, бұл аумақта коммуналдық мәселенің əлі күнге шешім таппағанын сынға алды. Ерлан Қуанышұлы тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан барлық мердігерлерге бірнеше сын-ескертпелер жасады.

– Мұндай тұрғын үйлерді саларда ең алдымен инфрақұрылым мәселесін шешкен жөн. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар болуы шарт. Ал тұрғын үй қасбеті заман талабына сай әсем болуы керек. Шымкент – республикалық маңызы бар қала, ірі мегаполис. Оның əр жаңалығы қала көркін еселеуі тиіс, – деді Е.Айтаханов.