ӘКІММЕН ПІКІР АЛМАСЫП, ПРОБЛЕМАЛАРЫН ЖЕТКІЗДІ

9

«Жастар жылы» Үшінші мегаполистің әкімі Ерлан Айтаханов назарын жастарға аударғаны қуантуда. Таяуда ғана Жастар орталығында жас белсенділермен бақосу өткізген мегаполис әкімі енді Шымкенттегі 82 жылдық тарихы бар, іргелі білім ошақтарының бірі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті.

Алдымен қала басшысы университеттің археологиялық көрме орталығындағы зерттеу жұмыстарының жәдігерлерімен танысты.

«100 жаңа оқулық» орталығын аралау кезінде, қазақ тіліне аударылған 10 оқулықтың бейне ролигын көріп, баға берді. Сондай-ақ, «Нұрсұлтан Назарбаев», «IT Class” сынды орталықтардың тыныс-тіршілігіне қанықты.

«Жастар жылына орай Шымкент қаласында түрлі іс-шаралар өткізіліп, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған біршама жобалар жүргізілуде. Келесі жыл «Еріктілер жылы» деп бекітілді. Одан бөлек, Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. «Екінші ұстаз» Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы Абайдың 175 жылдығын да жоғары деңгейде тойлағалы отырмыз. Аталмыш шаралардың барлығына жастар қоян-қолтық атсалысу керек. Қайырымды қаламыздың қонақжайлық туризмін дамыту да басты назарда»,- деді Ерлан Айтаханов.

Кездесу барысында студенттер әкіммен кітапхана мәселесі, пәндік, салалық байқаулар жайында пікір алмасып, түйіткілді проблемаларын да ортаға салды.