СОТТАР БАС ҚОСЫП, БІРҚАТАР ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ

23

Шымкенттік судьялар арнайы жиын өткізіп, бүгінде өзектілігін жоймаған мәселелер жөнінде қоғамдық ұйым өкілдерімен пікірлесті. Заңгерлер шаңырақтың шайқалуы күрт өсті деп дабыл қағуда. 2018 жылдың өзінде Қазақстан бойынша 137 797 жұп заңды тіркеліп 55 мың отбасы ажырасқан. Сонымен қатар, қоғамда туындайтын ұсақ дау-дамай саны да артып отыр.

 Қатары артқан медиаторлар тарапынан жүргізілген жұмыс негізінде ұсақ дау-дамайлардың дені сотқа дейін шешімін тауып, оң нәтиже көрсетуде. Сотта дәнекерлік қызмет атқаратын медиаторлар араздасушы тараптарға  материалдық және психологиялық жағынан тиімді екенін уақыт дәлелдеп берді.

«Дауларды соттан тыс шешу әдістерін қолдану» және «Отбасылық қатынастардан туындайтын дауларды алдын ала реттеу» тақырыбында өткен жиында бірқатар шешімдер қабылданды. Аудандық әкімдіктерде қоғамдық ұйымдар мен заң қызметкерлерінен тұратын кеңес  құру,  мекемелерде ұсақ дауды даурықтырмай отыратын комиссия құру сынды жобалар мақұлданды. Сонымен қатар билер кеңесінің құрамын қайта қарап, олардың құрамын дау-дамай шешуге қауқарлы азаматтардан жасақтау жоспарланды.