ПРЕЗИДЕНТ КӨМЕКШІСІ ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

6

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Шымкент әкімдігінің ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

А.Балаева сағат 10.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін қабылдауға жазылған 80-ге жуық тұрғынның өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Қала тұрғындары жұмысқа орналасу, әлеуметтік жәрдемақы алу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі мен өз кәсібін ашу үшін мемлекеттен қолдау, сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мәселелерін көтерді. Президент көмекшісінің жеке қабылдауына келген әр тұрғынның мәселесі хаттамаға тізіліп, шешілуі бақылауға алынатынын айтқан Аида Ғалымқызы мемлекеттік деңгейдегі мәселелер өзінің назарында болатынын жеткізді.