КОМЕДИЯ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

24

Шанин театрының сахнасында Н.Птушкинаның «Күтпеген кездесу» атты комедиясының премьерасы өтті. Қоюшы режиссері Ержан Қауланов. Қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов. Жаһандану кезеңінде отыздан асып күйеуге шығу қалыпты салтқа айналып үлгерді. Өзгеге алаңдамастан өзін ғана сүюдің ақыры жалғыздыққа соғарын дер кезінде байқамауынан өзге мәжбүрліктен туындайтын, қызық қуумен отбасылық өмірге мойын бұрғызбайтын сияқты себеп-салдар тағы бар.
«Күтпеген кездесу» комедиясында осы қилы себептің бір қыры ашылады. Кезінде жалғызбастылықтан қашып, қызының күйеуге шыққанын қаламаған кемпірдің (ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшат Еспай) өксікке толы өкініші – бүгінгі күннің бір келбеті дерсің. Небәрі төрт артист ойнайтын қойылымның жанры комедия болғанымен, көтеріп тұрған жүгі ауыр. Сексен жастағы кемпірдің (ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшат Еспай) төсекке байланғанына он жылдан асқан. Өлерінің алдындағы жалғыз арманы — жасы елу тоғыздан асқан кәрі қызының (арт. — Н.Қаламбаева, Ж.Бекмұрзаева) күйеуге шыққанын көру. Қойылымның финалында бақытты шаңырақ көтерілгенін көрген көрермен, ду қол шапалақтап, орнынан тік тұра артистерге қошемет көрсеткені – қойылымның өз межесіне жеткенін айғақтап берді.