ЖАҢА ЖОБА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

119

Мобильді ойындар продюсері Алдияр Жұмажанов бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында баспасөз брифингін өткізіп, өз жобасын таныстырды.
Жақында кезекті «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының ІІІ маусымының жеңімпаздары анықталған болатын.
Топ жарған 32 қазақстандық жастың ішінде Шымкент қаласының мақтанышы- Алдияр Жұмажанов та бар. Алдияр 24228 дауыс жинап, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2019 жылғы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан қазақстандық жастарының тізіміне мобильді ойындар жобасымен енген.

Қазіргі уақытта ежелгі қазақ елі туралы «Ұлы хан» атты әлемдегі алғашқы 3D мобильді ойынын дайындап жатырмын. Бұл ойын біздің мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, өмір салтымызды, тарихымызды әлемге танытады. Болашақта мен венчурлық инвестиция тартып, Қазақтандағы IT нарықты дамытуға үлес қосқым келеді. Бізде елге қызмет еткісі келетін дарынды жастар өте көп. Сонымен қатар IT мектеп ашу жоспарымда бар, себебі біздің жастар білікті де білімді бағдарламаушы мамандармен тең болуы керек. Тек жергілікті деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейдегі мамандармен иық тірестіре алатындай болуы тиіс», — деді Алдияр Жұмажанов бүгінгі баспасөз брифингінде.

Алдияр Жұмажанов — «Ұлы Сұлтан», «Түс шеберлері» секілді ойындарды ойлап тапқан. Қазіргі уақытта ежелгі қазақ елі туралы «Ұлы хан» атты әлемдегі алғашқы 3D мобильді ойынын әзірлеу үстінде. Қытай, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Қытайдың Xiamen қаласында тұрады, Mechanist Games компаниясында еңбек етеді.